Пхукетте Қазақстан консулдығы ашылды

692

Таиландтағы Пхукет аралында Қазақстан консулдығы ресми түрде ашылды.  

Пхукетте Қазақстан консулдығы ашылды Фото: facebook/prnakhonsi

Жалпы бұл аралда бұған дейін екі елдің өкілдігі ғана болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Енді үшінші ресми өкілдікті Қазақстан Республикасы ашты. Жаңа мекеменің консулдық округі Таиландтың оңтүстігіндегі 14 провинцияны қамтиды.

Салтанатты рәсімге Таиланд Сыртқы істер министрінің орынбасары, Пхукет провинциясының губенаторы Таиланд оңтүстік провинцияларының басшылығы, Пхукеттегі мемлекеттік органдардың өкілдері, дипломатиялық корпус, қазақ диаспорасы, іскер топтар, туристік қауымдастықтар мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Жалпы Пхукет, Оңтүстік Шығыс Азиядағы жетекші туристік орталықтардың бірі әрі халықаралық туризмнің ең танымал бағытына жатады.

Таиландқа жыл сайын шамамен 35 миллион шетелдік саяхаттайды, олардың 12 миллионға жуығы Пхукет аралына табан тірейді.

– Пхукет Қазақстан азаматтары үшін маңызды бағыттардың біріне айналды. Консулдықтың ашылуы отандастарымызға жақын болуға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, жедел қолдау көрсетуге, сондай-ақ Таиландтың оңтүстік өңірлерімен жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді. Былтыр Қазақстаннан Таиландқа шамамен 200 мың азаматымыз келді. Апта сайын екі ел арасында 34 рейс қатынайды. Олардың 21-і осы Пхукетке келеді, – деді Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі Марғұлан Баймұхан.

– Қазақстан Таиланд үшін Орталық Азиядағы маңызды әріптес. Пхукетте Консулдықтың ашылуы туризм, сауда, инвестициялар және гуманитарлық алмасулар салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға ықпал етеді. Оның үстіне біз келесі жылы елдеріміздің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 35 жылдығын атап өтпекпіз, – деп мәлімдеді Таиланд Сыртқы істер министрінің орынбасары Виджават Исарабхакди.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу