Қарағанды қаласының 26 жастағы тұрғыны Маңғыстау облысынан ұсталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ол бірнеше алаяқтық деректері бойынша күдікке ілігіп отыр.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті өзін пластик терезелер мен балкон орнататын шебер ретінде таныстырып, тұрғындардан тапсырыс қабылдаған.
Алдын ала төлем алған соң ол байланысқа шықпай, берген уәдесін орындамаған. Нәтижесінде азаматтар күткен қызметті алмай, алаяқ облыс аумағынан қаша жөнелген.
Жедел іздестіру нәтижесінде күдіктінің орналасқан жері Маңғыстаудағы жалдамалы пәтерден анықталып, ұсталынды. Қылмыстық тергеу барысында 32 алаяқтық дерегі тіркеліп, барлығы бір іске біріктірілді. Келтірілген жалпы шығын көлемі – 20 млн теңге.
Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.