ПМХЗ-да күрделі жөндеу енді үш жылда бір рет жүргізіледі

1037

ПМХЗ күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты жыл сайын тоқтамайтын болды.

ПМХЗ-да күрделі жөндеу енді үш жылда бір рет жүргізіледі

2019 жылдан бастап Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде, үш жылдық күрделі жөндеу жұмыстары циклына ауысты. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турында ПМХЗ өндіріс активтерінің механикалық тұтастығы мен сенімділікті қамтамасыз ету департаментінің директоры Саятай Әліпбаев мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Бұрын зауыт жыл сайын техникалық куәләндыруға байланысты күрделі жөндеу жұмыстарына тоқтайтын. Биыл жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде үш жылда бір рет қана тоқтатуға қол жеткіздік. Осы жылы мамырдың аяғында және маусым айында 20 күнге тоқтаған болатын. Қазіргі таңда штаттық режимде жұмыс істеп тұр", – дейді Саятай Әліпбаев.

Департамент директорының айтуынша, биыл күзде 30 қыркүйек пен 23 қазан аралығында жоспарлы түрде екі құрылғы (каткрекинг) орнатылуына байланысты 10-15 күнге тоқтайды. Десе де, тиелетін мұнай өнімдерімен (дизель отыны, бензин) ел нарығы жоспарланған көлемде қамтамасыз етіледі және тапшылық болмайды. Келесі күрделі жөндеу жұмыстары 2021 жылы ғана жүргізіледі. Жанармай ел нарығына еш өзгеріссіз жеткізіліп отырады. Күрделі жөндеу жұмыстары кезінде кәсіпорынға мердігерлік ұйым кіріп, 1500-2000 адам жөндеу жүргізеді. Оның ішінде аппаратты ашу, катализаторлар регенерациясы, учаскелерді ауыстыру және гидромеханикалық тазалау жұмыстары бар.

"Бізге акционерлер мұнайды жеткізеді, ал біз тек қана өңдейміз. Мұнай өнімдерін өздері саудалайды. Бұл толлингті сызба деп аталады. Шикізат пен өнім оларға, технологиялық процесс бізге тиесілі",– дейді Саятай Әліпбаев.

Айта кетейік, 1978 жылы пайдалануға берілген ПМХЗ Батыс Сібір кен орындарының мұнай шикізатын өңдеуге бағытталған. Кәсіпорынның теңгерімдік қуаты жылына 6 млн тонна мұнай өңдеуге жетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу