"Алматы – Ташкент" пойызының жолсерігі жол үстінде қаршадай баланың өмірін сақтап қалды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Белгілі болғандай 9 жастағы бала анасымен бірге Ташкентке емделуге бара жатқан жолда жағдайы нашарлаған. Дәл осы кезде жолсерік Қуатбек Дауылбаев бірден алғашқы көмек көрсетті.
– Кәсіби әрі уақтылы көрсетілген көмектің арқасында баланың жағдайы тұрақтанып, қауіптің беті қайтты. Пойыз бастығы жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем шақыртқан, – делінген ҚТЖ хабарламасында.
Айта кетейік, "Жолаушылар тасымалы" АҚ барлық қызметкерлері жыл сайын медициналық алғашқы көмек көрсету туралы оқу-жаттығудан өтеді екен. Себебі ұзақ жолдарда жағдайы кенеттен нашарлаған жолаушыларға дер кезінде көмек көрсету маңызды.