Пойыздарда ерекше қажеттілігі бар жолаушыларға арнайы вагондар енгізіледі

117

Қазақстанда қолжетімді көлік ортасын дамыту жұмыстары жалғасуда. 

Пойыздарда ерекше қажеттілігі бар жолаушыларға арнайы вагондар енгізіледі Фото: pixabay.com

Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мүгедектігі бар азаматтар үшін көлік инфрақұрылымы мен қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Жұмыс инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда: инфрақұрылымды дамыту, көліктің қолжетімділігін арттыру және қызмет көрсету сапасын жетілдіру.

Теміржол саласында жылжымалы құрамның 90%-ы, яғни 120 құрамның 99-ы көтергіш құрылғылармен және бейімделген купелермен жабдықталған. 2030 жылға қарай әрбір құрамда кемінде бір арнайы вагон қарастырылады.

Вокзалдарды жаңғырту аясында пандустар, лифтілер, көтергіш құрылғылар орнатылып, касса аймақтары мен санитарлық бөлмелер жаңартылуда. Мүгедектігі бар жолаушылар үшін теміржол билеттеріне 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған, сондай-ақ ЖСН арқылы мамандандырылған купелерге онлайн рәсімдеу мүмкіндігі қолжетімді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 580 мың жолаушы тасымалданды.

Азаматтық авиация саласында әуежайлардың қолжетімділік деңгейі артып келеді. Қазіргі таңда 10 әуежайда 13 амбулифт пайдаланылуда. Биылғы жылдың соңына дейін Шымкент, Семей, Ақтау, Орал, Талдықорған және Жезқазған қалаларындағы әуежайларды қосымша жабдықтау жоспарланып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша әуе көлігімен мүгедектігі бар 9,9 мың жолаушы тасымалданды.

Автомобиль саласында қолжетімділік талаптарына автовокзалдар мен автостанциялардың 78%-ы, сондай-ақ қалалық автобустардың 79%-ы сәйкес келеді. Инватакси жүйесі дамып келеді: автопарк 39%-ға ұлғайып, 1426 бірлікке жетті. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау қызметтерін көрсету қағидалары өзектендірілуде.

Көлік министрлігі ел аумағында азаматтардың көлік қызметтеріне тең қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, заманауи, жайлы және кедергісіз орта қалыптастыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу