"Полицейлер қалтасына есірткі салып жіберді": Алматыда ұсталған жігіт видеоүндеу жолдады

107

Ол биліктен объективті және тәуелсіз тергеу жүргізуді, сондай-ақ кінәлі қызметкерлерді жазалауды сұрады.

"Полицейлер қалтасына есірткі салып жіберді": Алматыда ұсталған жігіт видеоүндеу жолдады Фото: Бейнежазбадан

Алматыда полицейлердің жас жігіттің қалтасына белгісіз зат салып жатқан сәті түсірілген бейнежазба қоғамда дау тудырды. Енді сол оқиғаға қатысы бар жігіт өз нұсқасын айтып, видеоүндеу жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жас жігіттің айтуынша, 29 қыркүйек күні оны полиция қызметкерлері заңсыз тінту кезінде ұстап, қалтасынан есірткі заты табылды деп айыптаған.

"29 қыркүйекте полиция қызметкерлері мені заңсыз тінту барысында қалтамнан есірткі заты табылды деп жалған айып тақты. Алайда олардың өзі есірткіні қалтама салғаны бейнежазбада анық көрінеді. Бұл әрекеттер менің құқығымды өрескел бұзады және құқық қорғау органдарына деген сенімімді азайтады", – деді ол.

Жігіт қажет болған жағдайда видео және басқа дәлелдерді ұсынуға дайын екенін айтты.

Алматы қалалық Полиция департаменті бұл мәліметті жоққа шығарды. Ведомствоның ресми хабарламасында:

"Азамат пәтер ақысын төлемегені туралы шағым негізінде ұсталған. Полиция талабына бағынбағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Одан тыйым салынған зат табылған жоқ. Есірткі сақтау немесе сату дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған жоқ", – делінген хабарламада.

Полиция өкілдерінің мәліметінше, бұл ер адам бұрын сотталған, әрі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында пробациялық бақылауда болған.

Бақылау талаптарына сәйкес, оған түнгі уақытта көшеде жүруге тыйым салынған, алайда ол бұл шектеуді бұзған. Осы себепті жазаны қайта қарау жөнінде ұсыныс жолданған.

Полиция департаменті бұл істің қоғамдық резонансқа айналғанына қатысты да пікір білдірді:

"Әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат тарату – жауапкершіліктен қашу және қолдан қоғамдық резонанс тудыру амалы. Аталған факт бойынша ер адамның әрекеттері тексеріліп, заң аясында баға беріледі", – деді ведомство өкілдері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу