Польша шекарасында 250-ден астам қазақстандық фура тұр

499

Еуропалық елдерге экспорттық тауарларды тиеген қазақстандық тасымалдаушылар шектеулерге ұшырап, миллиондаған шығынға батты.  

Польша шекарасында 250-ден астам қазақстандық фура тұр Фото: atameken.kz

250-ден астам қазақстандық жүк көлігі Польша мен Беларусь шекарасында тұрып қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz "Атамекен" ҰКП сайтына сілтеме жасай отырып.

21 ақпанда поляк тарапы "Кукурыки" (Беларусь жағынан "Козловичи") өткізу пункті арқылы жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салды. Алайда шектеу Польшада не Еуропалық Одақ елдерінде тіркелген автомобильдерге қарсы қолданылмайды.

Бұл өткізу пункті "Бобровники" (Беларусь тарапынан "Берестовица") шекара өткелі жабылғаннан кейін қазақстандық тасымалдаушылар өте алатын жалғыз пункт болған еді. Енді қазақстандықтар үшін жол толығымен жабық.

"Қазақстанның экспорттық тауарларын Еуропа елдеріне, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындардың атына жіберілетін еуропалық тауарларды тасымалдайтын қазақстандық тасымалдаушылар да жаңа шектеулерге тап болды. Қаншама миллиондаған шығын келтірілді. 23 ақпандағы жағдай бойынша Польша аумағында 150-ден астам қазақстандық автокөлік бар, тағы жүзден астамы Еуропалық Одақ бағытына аттанды. Логистика бұзылған, сондықтан тасымалдау құны қымбаттайды", - деді "Атамекен" ҰКП Логистика және тасымалдау департаментінің директоры Мұрат Әмірин.

Ол сондай-ақ Қазақстан Елшілігі тарапынан Польшаның мемлекеттік органдарына отандық тасымалдаушылар үшін шектеулерді алып тастау қажеттігі туралы нота жіберілгенін атап өтті.

Қазіргі уақытта Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ҰКП және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп Литва тарапымен қазақстандық тасымалдаушыларға отандық көліктер  ЕО аумағынан Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясынан кедергісіз шығуы үшін Литва Республикасы арқылы жаңа бағыт ашу туралы келіссөздер жүргізуде. Сондай-ақ, Литва тарапына деректерді беру үшін кептелісте тұрған автомобильдердің тізімі жасалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу