Италиялық Prada компаниясы өзінің басты бәсекелестерінің бірі Versace-ды сатып алды. Еуропалық комиссия 30 қыркүйекте 1,24 миллиард еуроға жасалған мәмілені мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Prada Versace брендін америкалық Capri Holdings тобынан алады. Сарапшылардың айтуынша, соңғы айларда сән индустриясында дағдарыс байқалып, АҚШ-тың импорттық баж салығының өсуі Capri Holdings-ті төмендетілген бағамен сатуға мәжбүр еткен.
Жылдық айналымы 6 миллиард еуродан асатын жаңа альянс Францияның ірі сән конгломераттары LVMH пен Kering-ке тікелей бәсеке болмақ. Франциялық алыптар соңғы жылдары Gucci, Fendi және Bottega Veneta сияқты италиялық брендтерді өз құрамына қосқан еді.
Айта кетейік, Versace сән үйінің негізі 1978 жылы қаланды. Құрушысы Джанни Версаче 1997 жылы қастандық құрбаны болғаннан кейін, оның әпкесі Донателла Версаче компанияны басқарды. Ол биыл наурызда шығармашылық директор қызметінен кеткен.
Ал Prada компаниясын 1913 жылы екі ағайынды Марио және Мартино Прада ашқан.
Жаңа келісім Prada мен Versace-дің күшін біріктіріп, италиялық сән индустриясын жаңа деңгейге шығармақ.