Премьер-министр Ақтөбе облысының медициналық ұйымдарын аралады

802

Премьер-министр Ақтөбе облысының медициналық ұйымдарын аралады

Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Бақытжан Сағынтаев сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік қағидаты бойынша іске асырылған бірқатар әлеуметтік нысандарды: "Daru Zharygy" офтальмологиялық орталығын, "Алғашқы көмек" ЖШС орталық жедел және шұғыл көмек станциясын, сонымен қатар Жекпе-Жек сарайын аралады, деп хабарлайды primeminister.kz.

Медициналық ұйымдарды аралау кезінде денсаулық сақтау басқармасының басшысы А. Қалиев Ақтөбе облысының денсаулық сақтаудағы жоғары әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін денсаулық сақтау инфрақұрылымын кешенді жаңғырту іске асырылып жатқанын айтты.

"Облыста бауыр мен бүйрек трансплантациясы (2 жыл ішінде 37 бүйрек ауыстыру және 12 бауыр ауыстыру оталары жасалды), үлкен буындарды эндопротездеу, эндо-бейнехиругиялық емдеу тәсілдерінің кең ауқымы тәрізді бірегей емдеу технологиялары игерілді. Заманауи деңгейдегі генетикалық зертханасы бар Экстракорпоральді ұрықтандыру орталығы ашылды", — деді А. Қалиев, ол сонымен қатар медицина кластерін дамытудың бұдан кейінгі жоспарлары туралы баяндады. 

Ақтөбе облысында денсаулық сақтауды қаржыландыруға 8,5 млрд теңге, денсаулық сақтау нысандарын дамытуға — 4,2 млрд теңге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға — 1,9 млрд теңге қарастырылған. 

Бақытжан Сағынтаев "Daru Zharygy" заманауи офтальмологиялық клиникасында болды. Медициналық мекеме әлемдік сапа және қауіпсіздік стандарттарына сай келетін АҚШ, Швейцария, Германия, Жапония елдерінің жоғары технологиялық жабдықтарымен және инновациялық технологияларымен жарақталған.

Қазақстанда жыл сайын офтальмологтарға 1 млн жуық адамның жүгінуі тіркеледі, оның ішінде 400 мыңы – бірінші реттік офтальмопатологиямен жүгінген. Аталған мәселенің өзектілігі маңызды жобаның іске асырылуына себеп болды. Осылайша, орталық 2017 жылы желтоқсан айында пайдалануға берілді, ал биылғы жылдың басында кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі механизмі арқылы емделушілерді қабылдай бастады. Орталықтың стационары 60 төсек-орынға және күніне 500 рет қабылдауға шақталған.

Диагностикалық бөлімді аралау кезінде премьер-министрге жаңа цифрлық жобалар туралы баяндалды. "Daru Zharygy" орталығының директоры Ғ. Елеуов клиника "Medelement" медициналық ақпараттық жүйесімен жарақталғанын айтты. Қазіргі кезде "Қамқор" жүйелері және "Damumed" мобильді қосымшасы енгізіліп жатыр. МАЖ интеграциясы арқасында дәрігерлер адамның денсаулығының толық жай-күйін бақылай алады, алдын-ала онлайн-тіркеудің арқасында емханалардағы кезектер азаяды. Емделушілер дәрігердің кеңестерін, рецептілер, еңбекке жарамсыздық парағын, жүргізілген зерттеулер нәтижелерін үйден шықпай-ақ ала алады.

Ақтөбе облысы әкімдігінің деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда медициналық ақпараттық жүйелермен ұйымдардың 81% қамтылған. 2019 жылдың соңына дейін бұл деңгей 100% жеткізіледі. Сонымен қатар, өңірде а.ж. 1 шілдесінен бастап медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшу жобасы енгізілген.

Жалпы Қазақстанда осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша медициналық ақпараттық жүйелермен аудандық деңгейге дейін денсаулық сақтау ұйымдарының 96,7% қамтылған. Ал интернет желісіне аудандық деңгейге дейін денсаулық сақтау ұйымдарының 100% қолы жетімді. Денсаулық сақтау жүйесін цифрландырудан күтілетін тиімділіктер: халықтың медициналық көмек сапасына қанағаттану деңгейі: 2018 — 44%, 2019 — 49%, 2020 — 55%, дәрігердің қабылдауындағы уақыттың қысқаруы - 50-60%.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымының дамуымен танысу "Алғашқы көмек" ЖШС жедел және шұғыл медициналық көмек қалалық станциясын көру барысында жалғасты. Жоба түрік инвесторлармен бірлесіп МЖӘ аясында іске асырылған. Биыл наурыздан бастап Жедел медициналық көмек орталық станциясы жұмыс істей бастады, оның қуаттылығы жылына 75 000 шақыру және 28 санитарлық автомашинаға арналған автогаражы бар.

Аралау кезінде премьер-министр жедел жәрдем станциясының құрылымдық бөлімшелерін көріп, диспетчер бөлімінің, call-орталықтың, жедел жәрдем бригадасының жұмысымен танысып, мекеменің қызметкерлерімен кездесті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу