Премьер-министр карантин талаптарын күшейтуді тапсырды

1322

Оның пікірінше, дәріханаларда дәрі-дәрмектің тапшылығына жол беруге болмайды.

Премьер-министр карантин талаптарын күшейтуді тапсырды

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елде эпидемиологиялық ахуалдың күрт нашарлауына байланысты карантин талаптарын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Премьер-министр елде коронавирус тез тарап жатқанын атап өтті.

"Елорда, Алматы, Шымкент қалаларында және Атырау облысында коронавирус жұқтырғандар саны күрт өскенін көріп отырмыз. Бұл өңірлер "қызыл" аймаққа және 6 өңір "сары" аймаққа өтті. Біздің негізгі міндетіміз – эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстау. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау бойынша шараларды күшейту керек", – деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Осыған байланысты ол Денсаулық сақтау министрлігі мен облыс әкімдіктеріне тапсырма берді.

"ПТР-тестілеу санын ұлғайтсын. Жедел мониторинг жүргізіп, ауруханаларда резервтік орындардың даярлығын қамтамасыз етсін. Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың жеткілікті болуын қадағалау керек. Үйде медициналық қызмет көрсету үшін мобильді бригадалардың жұмысын жандандырып, оларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қажет. Дәріханаларда дәрі-дәрмектің тапшылығына жол бермеу шараларын қабылдау керек", – деді Үкімет басшысы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу