Салықтық есептілік 30%-ға, ал салықтар мен алымдардың саны 20%-ға қысқарады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгінде елімізде 2,2 миллионнан астам шағын бизнес субъектісі жұмыс істейді. Онда шамамен миллион адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлікті одан әрі дамыту үшін бизнес жүргізу қағидаларын жетілдіріп, оны неғұрлым түсінікті әрі ашық болуын қамтамасыз ету маңызды. Үкімет бизнес-қауымдастықпен өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып, жаңа салық саясатын қалыптастыруда", – деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, негізгі маңызды өзгеріс – сервистік модельге көшу. Кәсіпкерді тіркелген сәтінен бастап қызметінің барлық кезеңінде фискалдық қолдау жүйесі енгізіліп жатыр.
"Салық органдарының алдында тұрған міндет – қателіктер үшін жазалау емес, керісінше қателеспеуге көмектесу. Салықтық есептілік 30%-ға, ал салықтар мен алымдардың саны 20%-ға қысқарады. Бұл кәсіпкердің есеп беруге жұмсалатын уақытын азайтып, өз бизнесін дамытуға көбірек көңіл бөлуіне ықпал етеді", – деп атап өтті Үкімет басшысы.
Айта кету керек, бұған дейін салық борышкерлерінің шамамен 72%-ының 26 мың теңгеге дейін қарызы бар екенін жазғанбыз.