Премьер-Министр: "Тальго" вагондарының шығыны көп

597

"Билетінің бағасы қымбат болса да шығынға батып жатыр". Премьер-министр "Тальго" вагондарының шығыны туралы айтты. 

Премьер-Министр: "Тальго" вагондарының шығыны көп Фото: inbusiness.kz

Алайда, әбден тозығы жеткен пойыздарды жаңарту үшін шетелден алмаса тағы болмайды. Сонда Смайловтың сынына қарамай әрі қымбат, әрі тиімсіз испан вагондарын тағы аламыз ба? Бұл сауалға бүгін "Қазақстан Темір жолы" компаниясының өкілдері жауап берді.

Вагондардың жыры Жоғарғы Палата депутаттарының былтыр жасаған сауалынан басталған. Сол кезде сенаторлар тозығы жеткен пойыздар туралы мәселе көтерген еді.

"Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі берген мәліметте "Жолаушылар тасымалы" жылжымалы құрам паркінде 2 228 дана вагон мен локомотив бар екен. Соның 35 пайызы немесе 776 вагонның пайдалану мерзімі 28 жылдан артық. "Тальго" вагондарын есепке алмағанда жолаушылар вагондараның орташа тозу көрсеткіші 62,26 пайыз болып отыр", деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бауыржан Қаниев.

Депутат "Тальго" вагондарын жаңа болған соң есепке алмағаны түсінікті. Алайда, жаңаның бәрі жақсы емес. Премьер-министрдің осы сауалға берген жауабында солай деп жазылған.

"Қазақстан аумағында жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мақсатында 101 бағытта пойыз жүреді. Соның 5 бағытына "Тальго" вагондарынан құралған коммерциялық пойыздар қатынайды. Коммерциялық пойыздар мемлекет тарапынан субсидияланбайтынын айта кету керек. Оның үстіне жол жүру құнының қымбат екеніне қарамастан шығынға батып отыр", деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов. 

Енді жолаушылар Talgo-дан Stadler-ге ауысады

"Қазақстан Темір жолы" өкілдері "Тальго" вагондарының шығынын бағасы қымбат дизель отынын пайдаланатынымен байланыстырып отыр. Сондай-ақ оларды құрастырушы испан компаниясының өзі қызмет көрсететіні де себеп көрінеді. Жалпы қазіргі таңда елімізде 732 "Тальго" вагоны жолаушы тасымалдап жүр екен. Ал "Қазақстан Темір жолы" пойыздарды жаңарту жоспарын басқа компания есебінен жүзеге асырғалы отыр.

"Тальго" вагондарын енді шетелден алмаймыз. Енді Stadler-мен 537 вагонды аламыз. Ресейден 307 вагон аламыз. Бізге Швейцариядан алған вагондар пайдалырақ деп ойлап отырмыз", деді "Қазақстан Темір жолы" АҚ ҰК Басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов. 

Швейцариялық вагондар "Тальгомен" салыстырғанда кеңірек әрі оларға көп жолаушы сияды екен. "Қазақстан Темір жолы" өкілі жалпы барлық пойыздардың құрамын жаңарту жұмыстары "2030 жылға қарай аяқталуы мүмкін" - деп отыр.

Бақытнұр Әлібай 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу