Президент Ақмола облысындағы денсаулық сақтау саласының ахуалымен танысты

557

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті. 

Президент Ақмола облысындағы денсаулық сақтау саласының ахуалымен танысты Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысындағы денсаулық сақтау саласының қазіргі ахуалымен танысты, деп жазады inbusiness.kz. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Көкшетау қаласындағы "Viamedis Kokshetau" клиникалық оңалту орталығының жұмысымен танысты.

"Бұл – инсульттан кейін оңалту шаралары жүргізілетін еліміздегі алғашқы орталық. Оның жанынан мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында 250 пациентке арналған емхана салынған. Стационарлық оңалту бөлімінде 100-ден астам, күндізгі стационарда 46 төсек орын қарастырылған. Емханада 20 мың адам тіркелген. Денсаулық сақтау мекемесінде 235 медицина қызметкері жұмыс істейді", - делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдегі денсаулық сақтау саласының қазіргі ахуалы туралы баяндалды. Ақмола облысында 560 медициналық нысан жұмыс істеп тұр. Онда жалпы 7800-ге жуық медицина қызметкері еңбек етеді. Дәрігерлердің тапшылығы соңғы үш жылда екі есе азайған. Облыс 1,4 миллиард теңгеге 80-ге жуық медициналық техника сатып алды.

"Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында облыстағы 38 елдімекенде амбулаторлық-емхана нысандарын салу жоспарланып отыр. Бұдан басқа Мемлекет басшысына Көкшетаудағы 630 орындық көпсалалы заманауи аурухананың жобасы таныстырылды. 

Президентке осы медициналық орталық орналасқан Көкшетау қаласының Сарыарқа шағынауданының құрылысы таныстырылды. Алғашқы іргетасы 2012 жылы қаланған шағынауданның аумағы – 1120 гектар. Бұл жерде 56 көпқабатты тұрғын үй салынған. Әл-Фараби атындағы ІТ-мектеп пен өрт сөндіру бекеті, бірқатар спорт нысаны пайдалануға берілген. Алдағы уақытта 256 көпқабатты тұрғын үй, 21 білім беру нысаны, 2 сауда орталығы және саябақ алаңдарын салу жоспарланып отыр", - делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу