Мемлекет басшысы әнші Толқын Забированы мерейтойымен құттықтады

146

Президент өз құттықтауында әншіні отандық өнердің ең жарқын өкілдерінің бірі, ерекше дауыс иесі ретінде атап өтті.

Мемлекет басшысы әнші Толқын Забированы мерейтойымен құттықтады Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал эстрада және опера әншісі Толқын Забированың "Өмірге ғашықпын" атты мерейтойлық концерті өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Салтанатты кешке Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты. Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.

"Сіз әйгілі отандық және әлемдік опералық туындылар мен лирикалық әндерді шебер орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрсіз. Ерекше табиғи дарыныңыз және тынымсыз еңбегіңіз арқылы еліміздің мәдени-рухани байлығының өрісін кеңейтуге қосқан үлесіңіз өте мол. Кемел біліміңіз бен бойыңыздағы асыл қасиеттеріңізбен замандастарымыздың ортасында сый-құрметке бөленіп жүрсіз", – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Толқын Забирова – көркемдік талғамы мен кәсіби біліктілігі жоғары өнер иесі.

Аталмыш концертте әншінің ең үздік авторлық, заманауи және әлемдік хит әндер орындалды. Атап айтсақ, "Вечная любовь", "Adagio", "Per Amore, Per te", "Қара, маған қара", "Өмірге ғашықпын", "Сен үшін", "Бұлбұл әні", "Жүрек (Cover Show)", "Сағына беремін (Cover Show)" және басқа да туындылар шырқалды.

2024 жылы Толқын Забирова "Парасат" орденімен марапатталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу