Президент: Әрбір реформа халықтың қалауымен, қолдауымен жасалады

Қазақстан өркениетті ел ретінде заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналдыруы керек.    

Президент: Әрбір реформа халықтың қалауымен, қолдауымен жасалады Фото: akorda.kz

Бұл туралы Мемлекет басшысы "Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі" атты халықаралық форумында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Соңғы жылдары мемлекетіміз аса ауқымды құқықтық және қоғамдық жаңғыру жолына түсті. Елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптаса бастады.

Барша азаматқа, әсіресе, жастарға заңды құрметтеу, заңға бағыну қажет екенін қарапайым тілмен жан-жақты түсіндірген жөн. Заңды қадірлеу, тәртіпті қолдау, бұл – әр адамның жарқын өміріне жол ашатын маңызды шарт.

Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституциямызда осы негізгі қағидат туралы анық жазылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанның Бас құжаты барша азаматқа тең мүмкіндік беретін әділетті қоғамның мызғымас тұғыры саналады.  Адам және оның өмірі – еліміздің Ата заңына арқау болған басты құндылық.

– Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттің басты міндеттері ретінде айқындалды.

Түптеп келгенде, жаңа тұрпатты ел болу жолындағы әрбір реформа, ең алдымен, халықтың қалауымен, жұртшылықтың тікелей қолдауымен жасалады. Әрине, мұның барлығы бір сәтте жүзеге аспайтыны белгілі, – деді ел Президенті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу