Президент әскери оқу орындарының үздік түлектеріне "аға лейтенант" шенін тапсырды

363

Мұндай бастама елімізде биыл алғаш рет іске асырылып отыр.  

Президент әскери оқу орындарының үздік түлектеріне "аға лейтенант" шенін тапсырды Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсімінде әскери оқу орындарының үздік түлектеріне "аға лейтенант" шенін тапсырды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Мен былтыр әскери оқу орындарының үздік түлектерін қолдау жөнінде бастама көтердім. Оларға қалыптасқан дәстүрге сай "лейтенант" емес, "аға лейтенант" шенін тапсыру қажет екенін айттым. Соған сәйкес нақты тапсырма бердім. Міне, бүгін осы бастама нақты жүзеге асырылмақ. Сіздер оқуды бітіріп, бірден "аға лейтенант" шенін алатын тұңғыш түлек боласыздар. Бұл – өздеріңізге артылған зор сенім және үлкен жауапкершілік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жаңа әскери шенді Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының, ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының, ҚР ҰҚК Шекара академиясының, ҚР Ұлттық ұланы Академиясының, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының үздік түлектеріне табыстады.

Қ.Тоқаев қазақтың біртуар батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің "атақты алғаннан оны арқалап жүру қиын" деген сөзін еске салды. Шын мәнінде, нағыз сарбаздың абырой-беделі оның шенімен емес, ең алдымен, Отан алдындағы мінсіз қызметіне қарай өлшенеді.

– Көптеген жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Бәріңіз де антқа адал болып, қазақ сардары деген атаққа әрдайым лайық боласыздар деп сенемін. Бүгін алқалы жиынға озат түлектердің ата-аналары да қатысып отыр.

Сіздер Қазақстанның дәл осындай отаншыл азаматтарына тәлім-тәрбие бердіңіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жас офицерлердің алғашқы әскери шені құтты болсын! Қызметтеріңізге табыс тілеймін! Туымыз әрдайым көкте желбіресін! Қазақ елі мәңгі болсын, – деп құттықтады Президент. 

Былтыр Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде салаға реформа қажет екенін айтты. Президент заң және құқық академияларының үздік түлектеріне бірден "аға лейтенант" шенін беруді ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу