Президент Ақмола облысындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жетекшілерімен саланың жай-күйі, шаруалардың жетістіктері, сондай-ақ қордаланған мәселелері жөнінде әңгімелесті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Биыл ауа райы қолайлы. Үкімет қолдау көрсетіп отыр. Жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп, алдын ала жеңілдетілген несие беруде. Астық түсімі жақсы болады деп ойлаймыз. Баршаңызға табыс тілеймін. Жолдауда атап өткенімдей, басты міндет – ауыл шаруашылығында терең өңдеу өндірісін дамыту. Былтыр ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 8 триллион 250 миллиард теңгені құрады. Бұл көп те, аз да емес. Өңірдегі басқа елдермен салыстырғанда ауыл шаруашылығы жақсы нәтижеге қол жеткізді. Бірақ ішкі жалпы өнім көлеміне шаққанда, бұл 6 пайыз ғана. Яғни экономикадағы ауыл шаруашылығының үлесін арттыру қажет. Ауыл шаруашылығы – біз үшін табысты сала. 12 миллион тонна бидай экспорттау әлеуеті – өте жоғары көрсеткіш. Қазірдің өзінде астықты Еуропа елдері сатып алып жатыр. Жолдауда айтқанымдай, астықтың алғашқы легі, шамамен 15 мың тонна бидай Вьетнамға жолданды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сөз арасында биыл қараша айында Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы өтетінін айтты. Онда агроөнеркәсіп кешенін дамыту және мемлекеттік қолдау мәселелері қарастырылады.