Президент білім беру саласында негізсіз дау-дамайдың көбейгенін сынға алды

502

Осындай тартыстар білім саласына пайдасын тигізеді деп айту қиын, дейді Мемлекет басшысы.  

Президент білім беру саласында негізсіз дау-дамайдың көбейгенін сынға алды Фото: akorda.kz

Білім жолы – сынағы мен қиындығы көп жол. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясының пленарлық отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Білім жолы – сынағы мен қиындығы көп жол. Осы жолда табысқа жетіп, бейнеттің зейнетін көру үшін, ең алдымен, табанды еңбек ету қажет. Түптеп келгенде, бәріміздің мақсатымыз – бір, мүддеміз – ортақ екенін естен шығармаған абзал.

Бұл орайда бір мәселеге арнайы тоқталып өткім келеді. Көбіңізге белгілі, әлеуметтік желіде білім саласына қатысты қызу пікірталастар болып тұрады. Кейде мұндай дау-дамайларға білім жүйесінің бұрынғы және қазіргі лауазымды тұлғалары араласып жататыны көзге түсетін болды. Өкінішке қарай, осындай тартыстар білім саласына пайдасын тигізеді деп айту қиын. Өркениетті пікірталастардың орнына айқай-шу мен даңғазаны тыңдап отыруға мәжбүрміз", – деді Президент.

Тіпті ұстаздар қауымы да ондай пікірталастардың түпкі мәнін түсіне алмай дал болуда, деп атап өтті Мемлекет басшысы.

"Әрине, балалардың болашағы үшін алаңдап, ұтымды ұсыныстар білдіру – бір бөлек әңгіме. Ал жанашыр болып емес, жақсы атты болу үшін пікір білдіру – тіптен басқа мәселе. Өнбейтін дауды қуып, өрісімізді кеңейте алмайтынымыз анық. Қазір бос, бұрыс сөздің уақыты емес, нақты, дұрыс істің дәуірі. Осыны ескерген жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу