Президент: "Биыл 10 айда тасымал көлемі бір жарым миллион тоннаны құрап, 14 пайыз ұлғайды"

119

Ақордада Президент келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібінің кең көлемді мәселелері талқыланып, ықпалдастықтың басым бағыттары белгіленгенін жеткізді.  

Президент: "Биыл 10 айда тасымал көлемі бір жарым миллион тоннаны құрап, 14 пайыз ұлғайды" Фото: akorda.kz

Әуелгі кезекте сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге назар аударылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында елдеріміз арасындағы тауар айналымы жыл сайын жарты миллиард доллардан асады. Биылғы көрсеткіштерге де көңіл толады. Құрметті Түрікменстан Президентімен бірге өзара сауда көлемін бір миллиард долларға дейін ұлғайту үшін қажетті шараларды қолға аламыз. Осы мақсатта Қазақстан тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жұмыс жоспарын қабылдауды ұсынды. Екі елдің бизнес өкілдерін қолдау үшін Сауда үйлерін ашу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ қос мемлекеттің қалалары арасында тікелей коммерциялық әуе рейстерін ашу мәселесін қарастыруға келістік, – деді Президент.

Қазіргі уақытта көлік-транзит саласы стратегиялық басымдыққа ие. Бұл орайда Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізінің маңызды буыны ретінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағдары ерекше рөл атқарады.

– Биыл он айда тасымал көлемі бір жарым миллион тоннаны құрап, 14 пайыз ұлғайды. Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік үдерістерді жеңілдету шаралары қабылдануда. Шекара маңының инфрақұрылымы белсенді түрде дамып, өткізу бекеттері жаңғыртылып жатыр. Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы бағыты бойынша жол инфрақұрылымдарын ұштастыру мәселесі біртіндеп шешілуде. Контейнерлік тасымалды жандандыру үшін Каспийдегі Ақтау, Құрық, Түрікменбашы порттарының көлік-логистикалық әлеуетін толық пайдалануға уағдаластық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, келіссөздер барысында Ауғанстан арқылы өтетін Оңтүстік Азия бағытындағы теміржол желісін тарту перспективасы қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу