Президент ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығын оң бағалады

883

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы (ЖЕЭК) өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Президент ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығын оң бағалады

"Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығы серпінді дамып келеді. Сыртқы факторлар мен карантиндік шектеулерге қарамастан, макроэкономикалық көрсеткіштер өсу қарқынын көрсетіп отыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев кеңестің ашылуында сөйлеген сөзінде. 

Онлайн форматта ұйымдастырылған жиында 2020 жылғы 11 желтоқсанда қабылданған шешімдердің орындалуы мен Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыты баяндалады. ЖЕЭК мүшелері Еуразиялық экономикалық одақтың 2022 жылға арналған халықаралық қызметінің өзекті мәселелері мен ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекеттің мәртебесі туралы ережені қарайды.

Сондай-ақ күн тәртібінде одақтағы қызметтің жекелеген секторлары бойынша ырықтандыру жоспарын жүзеге асыру, құрылыс саласындағы қызметтің бірыңғай нарығының дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесі қарастырылады. Бұған қоса ЕАЭО аумағындағы кедендік баж, салық, демпингке қарсы өтемақы бажын төлеуге қатысты міндеттерді орындау мәселесі пысықталады.

Айта кетейік, осыдан 2 ай бұрын өткен отырыста Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 184 млн-нан астам тұтынушысы бар одақтың алыс-берісі мен барыс-келісі ойдағыдай болғанымен, сыртқы тәуекел мен белгісіздік факторы үнемі қауіп төндіріп тұратынын естен шығармау қажет екенін айтты. Президенттің пайымынша, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға тиіс. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу