Президент екпеге қатысты ақпараттық түсіндіру шараларын жүргізуді тапсырды

1093

Мемлекет басшысының төрағалығымен еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңес өтіп жатыр, деп хабарлады inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Президент екпеге қатысты ақпараттық түсіндіру шараларын жүргізуді тапсырды

"Жалпы алғанда, қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті, ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген елдер бастан өткеруде. Оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штамдары болып отыр. Оған қоса, азаматтарымыз және бизнес өкілдері індеттен әбден қажып, соның салдарынан сақтық шараларына салғырт қарай бастады. Бұл, әрине, жағдайды одан бетер ушықтыруда. Дегенмен көптеген сарапшылардың айтуынша, 2021 жылы жалпы ахуал жақсарып, қайта өсім болып, пандемиядан кейін азаматтардың тұрмыс сапасының артуына мүмкіндіктер бар",– деді Президент жиында.

Тоқаев тұрғындардың індетке қарсы иммунитетін көтеру жұмысы тиімді ақпараттық түсіндіру шараларымен қатар жүргізіліп, бұл жұмысқа кәсіби мамандарды, жаппай екпе салуды қолдайтын белсенді азаматтарды тарту керектігін атап өткен.

"Бұл бағытта отандық бизнестің ұстанымы өте маңызды. Өйткені, ұжымдық иммунитет қалыптаспай, санитарлық шектеуді толығымен алып тастау мүмкін емес. Қызметкерлермен және олардың отбасы мүшелерімен түсіндіру жұмысын жүргізу қажет",– дейді Қасым Жомарт Тоқаев.

"Азаматтарымызды екпе мәселесіне жауапкершілікпен қарап, түрлі қауесеттерден аулақ болуға шақырамын. Біз, ең алдымен, мына нәрсені түсінуіміз керек: халқымыздың денсаулығы мен материалдық игілігі жаппай вакцинациялауды табысты өткізуімізге байланысты", – деп қосты Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу