Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту жөніндегі шаралар туралы" 2007 жылғы 13 сәуірдегі №314 Жарлыққа бірқатар өзгерістер енгізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жаңартылған Жарлыққа сәйкес, енді Мемлекеттік комиссия қабылдаған шешімдерді іске асыру бойынша мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың әрекеттеріне мониторинг жүргізіледі.
Сондай-ақ, кезектен тыс отырыстар шақыру тәртібі мен жоспардан тыс мәселелерді қарау мүмкіндігі де нақты белгіленді.
Мұндай отырыстар Мемлекеттік комиссия төрағасының шешімімен өткізіледі, ал сырттай дауыс беру арқылы да шешім қабылдауға жол ашылды.
Сонымен қатар, енді комиссия шешімдері оның отырысына қатысып отырған мүшелердің көпшілік даусымен қабылданады. Егер дауыстар тең түссе, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып есептеледі.
Мемлекеттік комиссияның жаңартылған лауазымдық құрамына мыналар енді:
-
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі (төраға),
-
ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы,
-
"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ басқарма төрағасы (келісім бойынша),
-
Премьер-Министрдің орынбасарлары,
-
Үкімет Аппаратының Басшысы,
-
Ұлттық экономика министрі,
-
Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі,
-
Көлік, Қаржы, Өнеркәсіп және құрылыс министрлері.
Президент Жарлығы 2025 жылғы 25 сәуірде қол қойылып, дәл сол күннен бастап заңды күшіне енді.