Президент: Еріктілер – жаһандық прогресс пен адамгершіліктің қуатты күші

103

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының орнықты даму мақсаттарына орай Халықаралық еріктілер жылын жариялауға арналған сессиясына арнайы үндеу жолдады.   

Президент: Еріктілер – жаһандық прогресс пен адамгершіліктің қуатты күші Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы бұл бастаманың еріктілердің рөлін күшейтіп, олардың ұлттық және жаһандық прогреске қосатын үлесін арттыруға бағытталғанын атап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қазақстан, Президенттің айтуынша, халықаралық серіктестермен тығыз жұмыс істей отырып, осы бастаманы ұсынған мемлекеттердің бірі болды. Тоқаев еріктілер қозғалысының Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы азаматтық белсенділіктің қозғаушы күшіне айналатынына сенім білдірді. Оның сөзінше, қазіргі күрделі кезеңде волонтерлер адам өмірін құтқару, қиын жағдайда қалған жандарға қолдау көрсету, қоғамдағы сенім мен ынтымақты нығайту сияқты маңызды миссияларды атқарып келеді.

Мемлекет басшысы БҰҰ Еріктілер бағдарламасының маңызын да ерекше атап өтті. Бағдарлама әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарды ортақ мақсатқа біріктіріп, жаһандық ынтымақтастыққа серпін береді. Сонымен қатар жер-жаһандағы миллиондаған азаматтың ұйымнан тыс та еріктілік қызметпен айналысатынына назар аударды.

Қазақстандағы еріктілер қозғалысының дамуы

Аталған үндеудің жалғасында Aqorda таратқан ақпаратта Қазақстанда еріктілер қозғалысының қоғамдық өмірдің маңызды бөлшегіне айналғаны айтылды. "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясының экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып, мыңдаған адамды біріктіргені ерекше атап өтілді. Бұл бастама БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы жаһандық мақсаттарымен үндеседі.

Президент Алматы қаласын БҰҰ қолдауымен халықаралық ынтымақтастық хабына айналдыру идеясын құптайтынын жеткізді. Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның Өңірлік орталығының құрылуы және Алматыда БҰҰ Еріктілер бағдарламасының субөңірлік кеңсесінің ашылуы – Қазақстанның жаһандық серіктестік пен азаматтық белсенділікті дамытуға бейілді екенін көрсетеді.

Тоқаев әлем елдерінің еріктілерін қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік интеграция және жастарды қолдау бойынша БҰҰ бастамаларына белсенді қосылуға шақырды. Сонымен бірге Қазақстан жастардың, әйелдердің және шалғай аймақ тұрғындарының мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған серіктестікті нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.

Биыл БҰҰ құрылғанына 80 жыл толуына орай Мемлекет басшысы халықаралық қауымдастықты әділ әрі жасыл әлем қалыптастыру жолында бірлікті күшейтіп, адамзат игілігі үшін бірлесіп әрекет етуге шақырды.

Қазақстан Халықаралық еріктілер жылы аясында және одан кейінгі кезеңдерде де әлеуметтік маңызы бар волонтерлік жобаларды қолдауда барлық мүше мемлекеттермен және азаматтық қоғаммен ынтымақтастыққа әзір екенін растады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу