Президент: Қазақ – болмысынан кеңпейіл халық

Мемлекет басшысы бұл туралы Волонтерлер форумында айтты.  

Президент: Қазақ – болмысынан кеңпейіл халық  Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, еріктілер "Адал азамат" деген атқа лайықты істерді атқарып жүр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Қазақ – болмысынан кеңпейіл халық. Қиналған адамға қол ұшын беру – ұлтымыздың бойында бар асыл қасиет. 

Бабаларымыз жақыныңа жанашыр болуды, табиғатты аялауды адамгершіліктің белгісі санаған. Әрдайым ынтымақ пен бірлікті сақтап, тату-тәтті өмір сүруді ұрпағына өсиет еткен. 
Ұлы Абай "толық адам" болудың бір шарты – жұртқа жақсылық жасау, шапағатыңды тигізу деген. 

Сіздер осы өсиетке сай еңбек етіп, "Адал азамат" деген атқа лайықты істерді атқарып жүрсіздер, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев сын сағаттарда волонтерлер кез келген шаруаға зор жауапкершілікпен қарап, белсенді жұмыс істегенін айтты. 

– Пандемия кезінде еріктілердің ерлігіне бүкіл ел куә болды. Күрделі кезеңде мыңдаған волонтер алдыңғы шепте еңбек етті. Олар дәрігерлерге, тәртіп сақшыларына, мұғалімдерге, мұқтаж жандарға көмектесті. 

Алапат тасқын кезінде еріктілер құтқарушылармен бірге ортақ іске атсалысты. Апат күндері 50 мың волонтер табанды жұмыс істеді. Жалпы, мұндай мысалдар аз емес, көп. 
Халқымыз "Жақсыны ісінен таны" деген. Сіздер қазақтың мейірбан ұлт екенін іс жүзінде көрсетіп жүрсіздер. 

Баршаңызға мәлім, мен Мемлекет басшысы ретінде еріктілер қозғалысына ерекше мән беремін, – деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу