Президент Қазақстанға ресми сапармен келген Жапония Сыртқы істер министрін қабылдады

622

Қасым-Жомарт Тоқаев Ёшимаса Хаяшиге ілтипат білдіріп, екіжақты байланыстарды одан әрі ілгерілету үшін оның бұл сапарының мәні зор екенін атап өтті. 

Президент Қазақстанға ресми сапармен келген Жапония Сыртқы істер министрін қабылдады

Кездесуде Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің жай-күйі мен даму перспективалары, сондай-ақ халықаралық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықта экономикалық қатынастар маңызды рөл атқарады. Президент сауда және инвестициялық ықпалдастықтың әлеуеті зор екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы Жапониямен арадағы көпжақты экономикалық байланыстарды күшейтуге ниетті екенін айтты. Бұдан бөлек екі елдің БҰҰ аясындағы табысты ықпалдастығын, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы мүмкіндіктерін жоғары бағалады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияның Премьер-министрі Фумио Кишиданы қолайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырғанын нақтылады. Мемлекет басшысының пікірінше, жоғары деңгейдегі кездесулерді ұйымдастыру үшін Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен әлеуетінің берік негізі бар.

Өз кезегінде Ёшимаса Хаяши кездесуге мүмкіндік бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Министр Жапония Үкіметінің Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестиция салалары бойынша өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстанда жапон компаниялары көп екенін атап өтті.

Ёшимаса Хаяши Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды қолдады және Қазақстанның ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі күш-жігеріне жоғары баға берді.

Бұдан бөлек әңгімелесу барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. "Орталық Азия – Жапония" форматындағы диалогты одан әрі дамытудың маңызды екені атап өтілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу