Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Комиссияға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшылығымен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тексеріс нәтижесі Қарулы күштерді реформалау жоспарын дайындау кезінде ескерілуге тиіс.
Жиында қазіргі заманның сын-қатерлеріне қарсы тиімді әрекет ететін жаңа тұрпатты армия қалыптастыру қажеттігіне баса мән берілді. Жаңғыру белгілері әскери тәртіптің күшеюінен, әскери қызметшілерге борышын өтеу кезінде тиісті жағдай жасаудан және қауіпсіздік деңгейінің артқанынан байқалуға тиіс.
Сонымен қатар кешенді тексеріс объективті түрде жүргізіліп, әскердің жауынгерлік әзірлігіне нұқсан келтірмеу қажеттігі атап өтілді.
Қарулы күштер қатарында Конституциядағы "Заң мен тәртіп" қағидаты мүлтіксіз сақталуы керек. Комиссия жұмысы жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы 48 әскери бөлімдегі тексеріс барысын Президентке баяндағанын жазғанбыз.