Президент Қызылорданың даму қарқынына жақсы баға берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Сыр бойы – нағыз еңбек адамдарының мекені.  

Президент Қызылорданың даму қарқынына жақсы баға берді Фото: democrat.kz

Бұл туралы Президент Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөз етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Жалпы, "Сыр елі – жыр елі" деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізінен қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі. Сыр бойы – нағыз еңбек адамдарының мекені. Кеңес заманында осы аймақтан жүзге жуық еңбек адамы шыққан. Әйгілі күрішші – Ыбырай Жақаевты ерен еңбектің символына балайды. Аға буынның абыройлы жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қызылорда облысының соңғы жылдары заман талабына сай құлпырып келе жатқанына тоқталды. Әлбетте, аймақтың экономикалық  көрсеткіші де жоғары саналады. 

– Былтыр аймақтың жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өсті. 3 жылда облысқа 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде жаңа жылу электр орталығының іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвестордың қаржысына салынды. Жылу электр орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түседі, облыс тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Халықтың 80 пайызы көгілдір отынды пайдаланады. Елді мекендерге газ құбырын тарту жұмысы алдағы уақытта жалғаса береді, – деп қоса кетті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, аймақтағы автокөлік жолының сапасы жақсы жағдайда. 

– Облыстық әуе және теміржолы жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Қорқыт ата терминалының жаңа терминалы ашылды. Қызылорда қаласындағы тарихи ғимараттың бірі теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Бұған қоса, аймақтағы 10 теміржол бекетін жаңғырту басталды. Мұның бәрі облыстың логистикалық әлеуетін арттыра түседі, – деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу