Президент ғылыми қауым алдында сөйлеген сөзінде бүгінде түрлі мемлекеттер арасында технологиясы озық ел болу үшін қарқынды күрес жүріп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Біз еліміз өсіп-өркендесін десек, ең алдымен, цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуына баса мән беруіміз керек. Бұл – менің Президент ретіндегі ең маңызды мақсатымның бірі. Жалпы, соңғы уақытта бұл салада ауқымды шаруа атқарылды, әлі де көп жұмыс істеуіміз керек. Кейінгі бес жылда ғылым саласына салынған инвестиция көлемі алты еседен асты. Елімізде зерттеу университеттері көбеюде, олардың нақты өндіріспен байланысы нығайып жатыр. Үкіметтің мәліметі бойынша, қазір 200-ден аса коммерциялық жоба қолға алынды. Осылайша, "Университет – зерттеу – инновация – коммерция" экожүйесі біртіндеп пайда болып жатыр. Ғылым қалашықтары салынып, технология парктері және инжиниринг орталықтарының құрылысы басталды. Бір сөзбен айтқанда, ғылым саласында көп жыл бойы болмаған оң үрдістер байқалып жатыр. Бұл өте маңызды жұмысқа сіздер де белсене атсалысып жүрсіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент енді еліміздің жаңа Конституциясына сай ғылым саласы бұдан да жоғары қарқынмен дамитынына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ата заңымызда ғылымның өрісін кеңейту негізгі стратегиялық басымдықтың бірі ретінде көрсетіліп отыр.
Бұл университеттерді, зерттеу инфрақұрылымын дамыту, ғалымдардың жағдайын жасау – Үкімет жұмысының бір бағыты ғана емес, мемлекеттің конституциялық міндеті ретінде бекітілді деген сөз.
– Қазақстанда 420-дан астам ғылыми-зерттеу ұйымы бар. Онда 27 мыңнан аса ғалым мен ғылыми қызметкер еңбек етіп жүр. Бұл – өте үлкен академиялық корпус. Әсіресе, ғылыми ортаның жасарып келе жатқаны қуантады. Отандық ғалымдардың жартысына жуығы 40 жасқа толмаған. Ұрпақтар сабақтастығы көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан әлемде ғылымның заман талабына сай болуына мүмкіндік береді. Мен қазақ ғылымының келешегіне үмітпен қараймын. Әйтсе де халықаралық тәжірибемен жете таныс адам ретінде отандық ғылымның қазіргі жай-күйін асыра бағалаудан, "толайым табысқа жетті" деп айтудан аулақпын. Дегенмен ғылымды дамыту үшін бізде инфрақұрылым да, адами әлеует те бар. Үкімет пен ғылыми қоғамдастықтың алдында ортақ стратегиялық мақсат тұр. Ол – анағұрлым тиімді ғылыми орта қалыптастыру, экономикадағы инновацияны ынталандыру, ғылымды өндіріспен барынша ұштастыру. Ашығын айтқанда, шешімін күткен мәселе шаш етектен, – деді Мемлекет басшысы.