Президент Отандық теміржол саласын тез арада цифрландыру керегін айтты

384

Бұл тек көлік-логистика саласының ғана емес, жалпы экономиканың дамуына тың серпін береді, деді Мемлекет басшысы. 

Президент Отандық теміржол саласын тез арада цифрландыру керегін айтты Фото: freepik

Президент Қазақстанды Еуразияның негізгі транзит хабына айналдыру мақсатында қабылданып жатқан кешенді шараларды оң бағалады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл ретте Мемлекет басшысы шын мәнінде бәсекеге қабілетті болу үшін заман талабына сай инновациялық шешімдер қабылдаған жөн деп санайды.

– Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканың барлық саласын цифрландыру мәселесіне айрықша мән бердім. Қазақстанда озық IT-шешімдерді енгізу үшін берік негіз қалыптасқан. Отандық теміржол саласы "цифрлық жарысқа" уақыт оздырмай қосылуға тиіс. Бұған белгілі бір деңгейде әзірлік бар екенін көріп отырмыз. Цифрландыруды жеделдету есебінен таяу арада тасымал тиімділігін арттыру және шығындарды қысқарту міндеті тұр. Бұл тек көлік-логистика саласының ғана емес, жалпы экономиканың дамуына тың серпін береді. IT-шешімдер ретсіз енгізілмей, бір-бірін толықтырып, біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Бұл – маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аталған міндетті жүзеге асыруға отандық компанияларды тарту қажет екенін айтты.

– Бұл жұмысқа отандық IT-компанияларды тарту туралы ұсынысты толық қолдаймын. Елімізде мұндай компаниялар мен мамандар жеткілікті. Әлемдік IT-компаниялармен де тиімді байланыс орнату қажет. Осындай стратегия экономиканың барлық саласында іске асырылуға тиіс, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен жобаларға атсалысып жатқан шетелдік компанияларға алғыс білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу