Президент шетелдік және отандық жұмысшылардың жалақысының тең болуын тапсырды

738

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының жұртшылығымен кездесті.

Президент шетелдік және отандық жұмысшылардың жалақысының тең болуын тапсырды

Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, зиялық қауым, ардагерлер, кәсіподақтар мен жастар ұйымдарының өкілдерімен, мемлекеттік қызметшілермен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Атырау облысы – мәдени және адам әлеуеті мол аймақ. Өңірдің жетістіктері жергілікті халықтың өмір сүру сапасы мен табысының өсуіне ықпал етуі тиіс. Әкімдік, үкімет, бизнес – бәріміз осыған баса назар аударуымыз керек", – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өңір халқының әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етуге, отандық өндірушілерді дамыту үшін мұнай-газ секторының әлеуетін барынша пайдалануға көңіл бөлді. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке үш ірі жоба аясында өнімдерді сатып алу және қызмет көрсету ісіндегі отандық тауарлар мен жергілікті мамандардың үлесін көбейту, шетелдік және отандық жұмысшыларды бірдей еңбекақымен қамтамасыз ету жөнінде жүйелі жұмыс жүргізуге тапсырма берді.

"Азаматтарымыз сапалы білім алып, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Отандық кәсіпкерлерге де айтарым бар. Мемлекеттің және кез келген компанияның ең басты байлығы адам екенін ұмытпаңыздар. Бастысы – жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмысшылардың жалақысын арттыру", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу