Президент төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген екібастұздықтарды марапаттады

Апаттық жағдайды жоюға атсалысқан азаматтардың еңбегі еленді.  

Президент төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген екібастұздықтарды марапаттады Фото: Константин Шелков

Былтыр 27 қарашада Екібастұз қаласындағы жылу желілерінде апат болып, 149 тұрғын үй бір мезетте жылусыз қалған еді. Бірден төтенше жағдай жарияланып, барлық күш апат салдарын жоюға жұмсалды. Сол сын сағатта баспаналарға қайта жылу берілуі үшін қарапайым жұмысшылар аянып қалмады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қиын-қыстау кезеңде күні-түні еңбек еткен 50-ге жуық азамат Алғыс айту күні сый-құрметке бөленді. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласындағы "Қайнар" демалыс–білім беру кешенінде өткен салтанатты жиында әр салада еселі еңбек етіп жүрген облыс тұрғындарына, белсенді азаматтық ұстанымын білдіріп жүрген жұртшылыққа ризашылығын білдірді. Әсіресе, қиын-қыстау кезеңде бір үйдің баласындай жұмылып, қаланы жылумен қамтуға барын салған жұмысшыларға, ауыртпалыққа төзімділік танытқан қала тұрғындарына алғыс айтты.

Осы орайда Екібастұз қаласындағы төтенше жағдайдың салдарын жоюға белсенді  қатысқан 19 азаматқа Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес "Ерен еңбегі үшін" медалі табысталды. Олардың қатарында "Зуев" жеке кәсіпкерлігінің сантехнигі Владимир Кузнецов бар. Ол алғашқылардың бірі болып жылусыз қалған тұрғын үйлердің жертөлесінде жағдайды реттеу үшін жұмыс істеді.

"Тоғыз тәулік бойы ұйықтамау оңай болған жоқ. Құбырларды жылытып, үйді жылуға қайта қосып отырдық. Үйге таңата үстіміз су болып оралатынбыз. Кей кездері үйімізге жеткенше ол мұз боп қатып қалатын. Тәулігіне ары кетсе бір сағат қана ұйықтадым. Себебі алаңсыз жататын уақыт болған жоқ. Қазір сол қиын кезең артта қалды. Шыны керек, оны еске алғым да келмейді", - дейді Владимир Кузнецов.

Сонымен қатар, 27 тұрғынға Президенттің Алғыс хаты табысталды. Ал төтенше жағдай кезінде жылусыз қалған тұрғындарды тегін ыстық тамақпен қамтып, қонақ үйден орын берген "Savoy" мейрамханасының директоры Шаттық Сүйінішева "Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін" белгісімен марапатталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу