Президент үкіметке дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асыруды тапсырды

1365

Мемлекет басшысы елдің валюта нарығын бақылау қажеттігіне назар аударды.

Президент үкіметке дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асыруды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысып, Қазақстан халқына Жолдау жолдады. Онда Мемлекет басшысы қатаң санкциялар қазірдің өзінде жекелеген елдер үшін ғана емес, бүкіл әлемдік экономикаға елеулі шығындар алып келгенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Жағдай жылдам өзгеруде, нарықтарда белгісіздік күшейіп, өндіріс тізбегі бұзылуда. Бірақ дүрбелең туғызуға негіз жоқ. Біздің елімізде ауқымды дағдарысты еңсеру үшін барлық қажетті қорлар, құралдар бар. Үкімет бірінші кезекте дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асыруға және ең алдымен ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл біздің экономикалық қауіпсіздігіміздің негізгі факторы. Әлемдегі соңғы оқиғалар теңгеге күшті қысым жасады. Бұл баршаңызға жақсы таныс. Валюта нарығындағы тұрақсыздық дүрбелеңмен, капиталдың шығарылуымен, заңсыз трансшекаралық ақша ағынымен байланысты. Сондықтан қаржы секторында басқалармен қатар сырттан сатып алушылардың белсенділігіне байланысты туындаған алыпсатарлық сұранысты азайту қажет", – деді Президент.

Мемлекет басшысы жақында шетел валютасын экспорттауды шектеу туралы арнайы жарлыққа қол қойғанын еске салды.

"Ірі институционалдық ойыншылар ұлттық валютаны сатып алуды оның жеткізілуін қамтамасыз ете отырып, келісім-шарттық міндеттемелерін орындау шеңберінде ғана жүзеге асыруы керек. Мемлекет қатысатын компаниялардың валюталық түсімдерін арттыру мәселесін қарастыру керек.

Жеке жер қойнауын пайдаланушылар да өздерінің валюталық кірістерін сатады деп ойлаймын.

Екінші деңгейлі банктер міндеттемелері шеңберінде өз клиенттерінің шетел валютасын сатып алуын бақылауға міндетті. Банктердің бұл талапты сақтауына қатаң бақылау орнату қажет. Нарықтағы алыпсатарлық ешбір жағдайда біздің қорларымызды негізсіз жұмсауға себеп болмауы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент Үкіметке, Ұлттық банкке және тиісті ведомстволарға бұл бағытта шаралар қабылдауды тапсырды.

"Бізге ерекше шешімдер қажет", – деп қосты Мемлекет басшысы.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу