Ұлттық құрылтайдың V отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени мұраларды халықаралық деңгейде жандандыру жайлы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ұлттық бірегейлігімізді өнер арқылы айшықтау, ұлтымызды ұйыстыратын жаңа жобаларды жүзеге асыру – татулықты нығайтатын маңызды бастама. Жастардың күш-қуаты, ынта-жігері, жанашырлығы мен жасампаздығы кез келген салада зор серпін береді. Сондықтан, біз өскелең ұрпаққа әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеміз. Олардың бойына ұлттық құндылықтармен қатар жаңа заманға тән озық қасиеттерді сіңіруге барынша жағдай жасаймыз. Бұған дейін Ұлттық құрылтай алаңында еліміздің рухани мұрасын жаһанға таныту жөнінде бірқатар бастама көтерілді. Осыған сәйкес жоспарлы жұмыстар жүріп жатыр. Мәселен, он төрт жылдан кейін алғаш рет "Қандар шежіресі" қолжазбасы ЮНЕСКО-ның "Әлем жады" деректі мұралар тізіміне енді. Биыл жазда Корея Республикасының Пусан қаласында Бүкіләлемдік мұралар комитетінің кезекті отырысы өтеді. Сол жиында Маңғыстаудың жер асты мешіттерін ЮНЕСКО тізіміне енгізу мәселесі қаралады", – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, қазір Қазақстан материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде ұсынып отырған 25 елдің қатарына кіреді.
"Алайда, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Төл тарихымызды терең зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету бағытында әлі де ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс. Бұл шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Елімізде танымдық әрі тарихи мәні зор нысандар аз емес. Мысалы, таза ағаштан салынған Жаркент мешіті – қытай сәулетшілері мен ұйғыр шеберлерінің қолынан шыққан бірегей туынды. Ал Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуі де айрықша тарихи ескерткіш саналады. Татулық пен достықтың символына айналған осы екі ғимарат "бірлік пен келісім" қағидатының нақты көрінісі деуге болады. Ұлы даланың әрбір тасында тарихтың ізі жатыр. Соның бірі – Қаратаудағы петроглифтер. Төрт мың жылдық тарихы бар Таңбалы тастар төрт өркениеттің тағдыры мен тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Ғалымдарымыз Қызылорда облысындағы Сауысқандықта және Түркістан облысындағы Арпаөзен аумағында жалпы саны 17 мыңнан астам петроглиф тапты. Осындай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуге әбден лайық деп санаймын. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырдым", – деді Президент.
Сонымен қатар, президент Абай ілімі ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуы тиіс дейді. Оның ой-толғамдары қанша уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтпайды.
"Адал азамат" тұжырымдамасы ұлы ойшылдың "толық адам" ілімімен тығыз үндес. Біз Абайдың қара сөздерін ЮНЕСКО-ның "Әлем жады" деректі мұралар тізіміне енгізуіміз қажет. Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи ілімдері де ұлт руханиятының биік шыңы саналады. Ашығын айтсақ, біз ұлы бабаларымыздың өсиеттерін көбіне мерейтойлар қарсаңында ғана еске аламыз. Бұл аздық етеді. Сондықтан Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақты зерделейтін ғылыми жиындарды тұрақты түрде өткізу қажет. Бұл ең алдымен өзіміз үшін керек. Олардың мұрасы – ұлттық рухани-философиялық негізіміздің тірегі", – деді ол.