Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан "Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік" атты Халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Ұлы даланың зияткерлік мұрасында ғұлама Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы дараланып көрінеді. Ол жалпыға ортақ мұсылман құндылықтары мен жергілікті рухани дәстүрлерді үйлестірген "түркілік исламның" бастауында тұрды. Шын мәнінде, ол Ұлы дала халықтарына қазіргі дүниетанымымыздың өзегіне айналған мүлдем жаңа идеологиялық доктрина ұсынды.
Ясауи хикметтері – Ұлы даланың мәдени коды. Ал ғұламаның Түркістандағы кесенесі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысан.
Түркістан шаһары ғасырлар бойы өңірдің басты рухани және саяси орталығы болды. Қазіргі таңда ол түркі дүниесінің қасиетті қарашаңырағы саналады", – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.