Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 2010 жылдан бері қолданылып келген министрліктер мен әкімдіктердің жыл сайынғы бағалау жүйесін жойды. Бұл жүйе бойынша мемлекеттік органдардың рейтингі жасалып, төмен нәтиже көрсеткен басшылардың жауапкершілігін қарауға негіз болатын, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Құжат мемлекеттік органдардың жұмысын бағалау және олардың рейтингін жасау жөніндегі бұрынғы ережелердің күшін жояды. Аталған жүйе Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында енгізілген. Егер мемлекеттік орган рейтингте соңғы үш орынның бірін иеленсе немесе оның жауапкершілігіндегі сала көрсеткіштері үш жыл қатарынан нашарласа, Президент әкімшілігі сол орган басшысын жауапқа тарту мәселесін көтере алатын.
Алайда бұл тәртіп министрлер мен әкімдерді автоматты түрде қызметінен босатуды көздемеген.
Мемлекеттік органдардың жұмысын бағалау жүйесін қайта қарауды Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) ұсынды. 2025 жылғы қыркүйекте палата Қазақстанда мемлекеттік органдарды бағалаудың 9 түрлі форматы қатар қолданылатынын хабарлады.
Мысалы, Ұлттық экономика министрлігі өңірлердің инвестициялық тартымдылығын бағаласа, Бас прокуратура құқық қорғау органдарын тексерген. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік органдардың ашықтығын бағалаған.
Аудиторлардың айтуынша, бұл бағалау түрлері бір-бірін жиі қайталаған. Ведомстволар ұқсас мәліметтерді жинағанымен, мемлекеттік басқару жүйесінің жұмысы туралы толық көрініс қалыптаспаған.
ЖАП бағалау жүйелерін төрт индекске біріктіруді ұсынды. Олар – мақсаттарға қол жеткізу, ашықтық, цифрлық даму және мемлекеттік қызметтердің сапасы.
Министрліктер мен әкімдіктерді бір-бірімен емес, өздерінің бұрынғы нәтижелерімен салыстыру ұсынылды. Осылайша, мемлекеттік орган жұмысының жақсарған-жақсармағанын анықтауға болады. Нәтижелерді халықаралық рейтингтердегідей AAA, AA, BBB және басқа әріптік белгілермен бағалау көзделген. Мемлекеттік органдарды жылына үш рет бағалап, деректерді Smart Data Ukimet цифрлық платформасы арқылы жинау ұсынылды.
Әр ведомствоға өзінің тиімділік көрсеткіштері, яғни KPI белгіленеді. Егер мемлекеттік орган екі жыл қатарынан нашар нәтиже көрсетсе, бұл кадрлық шешімдер қабылдауға негіз болуы мүмкін.