Президенттікке тағы бір әйел кандидат ұсынылды

689

"Қазақ аналары – дәстүрге жол" атты республикалық қоғамдық бірлестігі кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ретінде Салтанат Тұрсынбекованы ұсынды.

Президенттікке тағы бір әйел кандидат ұсынылды Фото: khabar24.kz

Кандидатураны бірлестіктің елордадағы 20 өкілі мен жиынға бейнебайланыс арқылы қатысқан 18 өңірдегі мүшелері қолдады деп хабарлайды inbusiness.kz.

Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекова – белгілі қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат Ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары. Соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы және оның алдын алуға арналған бірнеше әлеуметтік жобаларға жетекшілік еткен, құқыққорғаушы.

Ол 1966 жылы Жамбыл облысында туған, отбасылы, 2 бала тәрбилеп отыр. Мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі 30 жылдан асады. "Қазақ аналары-дәстүрге жол" қоғамдық бірлестігі Салтанат Тұрсынбекованың құжаттарын бүгін Орталық сайлау комиссиясына тапсырмақ.

Еске салсақ, 7 қазанда "Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігі кезектен тыс президент сайлауына Қарақат Жақсылыққызы Әбденнің кандидатурасын ұсынған болатын.

Қарақат Әбден – танымал қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат Ұлттық комиссиясының мүшесі, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, елорданың қоғамдық кеңесінің мүшесі, мәслихат депутаты. 4 бала тәрбиелеп отыр.

8 қазанда Қарақат Әбден Орталық сайлау комиссиясының қарауына кандидат ретінде құжаттарын тапсырды. Ал, бүгін Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне кандидат Қарақат Әбденнің барлық талапқа сәйкестігі туралы қаулы қабылдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу