Пробация бақылауындағы 2 мың сотталушы түрмеге қайта жіберілді

52

Оларға қатысты жазаны ауыстыру туралы ескерту берілді, оның ішінде 2 адам қазірдің өзінде колонияға жіберілді. 

Пробация бақылауындағы 2 мың сотталушы түрмеге қайта жіберілді Фото: freepik

Құқықтық тәртіпті нығайту және қылмыстың қайталануын болдырмау мақсатында прокуратура органдары пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар арасындағы құқық бұзушылықтарды төмендетуге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Басты бағыттардың бірі – бостандығынан айырумен байланысты емес жаза түрлерін орындау заңдылығын қамтамасыз ету. Оған шартты түрде соттау, бостандығын шектеу, қоғамдық жұмыстар және жазаны өтеуді кейінге қалдыру жатады. Әсіресе, жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзған тұлғаларға қатысты жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыруға ауыстыру мәселесі өзекті.

Заңнамаға сәйкес, сотталған адамның екі рет жазаны өтеу тәртібін бұзуы немесе өрескел құқық бұзушылық жасауы пробация қызметіне жазаны бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы сотқа ұсыныс енгізуге негіз болып табылады.

Осылайша, 2025 жылдың 8 айында пробация қызметінің ұсыныстары бойынша соттар 2 354 сотталушының жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы шешім қабылдады.

Мысалы, Қарасай ауданы пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған М. Мадраимова 3 жыл 2 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, пробациялық бақылауда болған.

Алайда, ол 2025 жылғы 12 маусым мен 5 шілде аралығында 6 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған (ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу, қоғамдық орындарда мас күйінде жүру, жасыл желектерді бүлдіру).

Жазаны өтеу тәртібін жүйелі түрде бұзғаны үшін сот шешімімен ол бас бостандығынан айыру орындарына жіберілді.

Прокуратура органдары қылмыстық-атқару жүйесі, ішкі істер органдары және жергілікті атқарушы органдар жүргізіп жатқан профилактикалық жұмысты тұрақты түрде бақылап отырады.

Бас прокуратура бастамасымен енгізілген "Цифрлық қадағалау" жобасы аясында пробация есебіндегі тұлғаларды бақылау үшін қоғамдық орындарға "смарт-камералар" орнатылған. Тек жазғы айларда (маусым–тамыз) олардың көмегімен 92 есептегі адамның 209 құқық бұзушылығы (түнгі уақытта үйден шығу, тыйым салынған орындарға бару, әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс жерге шығу) тіркелген.

Оларға қатысты жазаны ауыстыру туралы ескерту берілді, оның ішінде 2 адам қазірдің өзінде колонияға жіберілді.

Прокуратура органдары құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мақсатында барлық мүдделі мемлекеттік органдардың күш-жігерін үйлестіру жұмысын жалғастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу