Ақтауда жазаны жеңілдету үшін 2,5 млн теңге талап ету ісі бойынша сот айыпталушыға 2 жыл 7 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Іс материалдарына сәйкес, олар ер адамнан 2,5 млн теңге талап етіп, сол ақшаға оның қылмыстық іс бойынша тергеліп жатқан ісін жеңілірек жаза — бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауға уәде еткен.
Іс сотқа жеткен кезде мемлекеттік айыптаушы нақты мерзімді тек бір айыпталушыға — прокуратура қызметкеріне тағайындауды сұрады. Себебі айыптау тарапы дәл осы адамның қызметтік дәрежесін пайдаланып, жәбірленушінің сенімін теріс пайдаланғанын атап өтті. Ал екінші күдікті жәбірленушімен татуласқандықтан, прокурор оны Қылмыстық кодекстің 68-бабы бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатуды қолдады.
Сотта екі ер адам да кінәсін мойындап, қатал жаза қолданбауды өтінді. Сот барысында олардың ақша талап еткені толық дәлелденді. Сонымен бірге сот маңызды жайтқа назар аударды: прокуратура қызметкері үшін жазаны ауырлататын мән-жай ретінде кәсіби антын бұзу танылды. Өйткені ол жай ғана қылмысқа қатысушы емес, заңды қорғауға міндетті тұлға бола тұра қылмысқа барған.