"Qarmet" комбинатын жаңғыртуға 3,5 млрд доллар көлемінде инвестиция құю көзделіп отыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Саланың тиімділігін, қауіпсіздігін және экологиялық тазалығын арттыру мақсатында кәсіпорындарда технологиялық жаңғырту белсенді жүргізіліп, халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа қуаттарды іске қосу жоспарланып отыр", – деді Олжас Сапарбеков.
Вице-министр негізгі жобалардың ішінде Qarmet-ке ерекше тоқталды.
"Бірінші, "Qarmet" кәсіпорынын жаңғыртуға 3,5 млрд доллар көлемінде инвестиция құю көзделген. Бұл жоба болат өндірісін 5 млн тоннаға ұлғайтуға, көмір химиясын дамытуға және 2028 жылға қарай зиянды шығарындыларды 20%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Шығарылатын өнімнің түрін кеңейту және сапасын арттыру мақсатында отандық өндірушілермен кооперациялық ынтымақтастық дамып келеді. Qarmet мырыш болатынан автобус корпусының қаптамалары мен ыстық прокаттан рама тораптары жасалуда. Суық прокаттан тұрмыстық техника корпустары шығарылып жатыр", – деді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі.
Оның айтуынша, биыл Qarmet жазық прокатынан әртүрлі диаметрдегі тік тігісті құбырлар өндірісін іске қосу жоспарланып отыр.