Бүгін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен "Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін" атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеу жөніндегі редакция алқасының алғашқы отырысы өтті.
Редакция алқасының негізгі міндеті – көптомдықтың мәтінін, карталары мен иллюстрациялық материалдарын жан-жақты саралап, бекіту және баспаға даярлау.
Алғашқы отырыста басылымның көне дәуірге арналған бірінші томы қарастырылды. Жиында аталған томның жетекшісі, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы баяндама жасап, ұсынылған материалдың тұжырымдамасы, мазмұны мен құрылымы талқыланды.
Сондай-ақ рецензенттердің – Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Жәкен Таймағамбетовтің, тарих ғылымдарының кандидаты, Торайғыров университеті жанындағы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры Виктор Мерцтің, Ш.Ш. Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Нұрсан Әлімбайдың сараптамалық пікірлері тыңдалды. Отырыста редакция алқасының өзге де мүшелері өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Редакция алқасының келесі отырысы тамыз айында өтеді. Онда академиялық көптомдықтың екінші томы қаралатын болады.