Республика күні қарсаңында Сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ішкі нарықты қолдауға және халық үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған кең ауқымды "Republic Day" акциясын іске қосты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
24-27 қазан аралығында еліміздің барлық өңірінде ірі жеңілдіктер ұйымдастырылып, қазақстандықтар тұрмыстық және басқа да сұранысқа ие тауарларды 10%-дан 70%-ға дейінгі жеңілдікпен сатып ала алады.
Акцияға елде 220-дан астам сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, супермаркеттер, ірі дүкен желілері мен онлайн-маркетплейстер сияқты сауда нысаны қатысады.
"Жеңілдіктер негізінен тұтынушылық және тұрмыстық тауарларға: киім, аяқ киім, электроника, тұрмыстық техника, үйге арналған заттар мен күнделікті сұранысқа ие басқа да өнімдерге беріледі. Акция офлайн және онлайн сауда нүктелерін де қамтиды", – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, 2025 жылдың 25 қыркүйек-30 қазан аралығында Қазақстанда "Береке Fest" республикалық акциясы өткізіледі. Бүкіл республика бойынша акцияға 80-ге жуық сауда желілері қатысады.
Аймақтардағы акцияға қатысатын сауда үйлерінің тізімін мына сілтеме арқылы көруге болады.