Ресей әуе базаларына қауіпсіздікті күшейтті

1005

Украина көршісінің кез-келген нүктесіне соққы беретін жағдайға жетті. 

Ресей әуе базаларына қауіпсіздікті күшейтті Фото: AP

Өткен апта соңында украиналық дрондар күтпеген жерден Ресейдің әуе базаларына соққы берді. Ол базалардың кейбірінде атом бомбасын тасымалдайтын стратегиялық бомбалаушы ұшақтар орналасқан. Бұл – өзінің қиындығы мен ауқымы жағынан теңдесі жоқ шабуыл. Ұшқышсыз аппараттар тіпті Сібірге дейін жетті.

Украинаға сенсек, Ресей 41 бомбалаушы ұшағынан немесе стратегиялық әуе флотының үштен бірінен айрылды. Алайда, Мәскеуге келген шығын шамалы деп, бұл ақпаратты растамай отыр. Және де тәуелсіз тексеру жүргізуге шама жоқ. Дегенмен, әлеуметтік желіде жарияланған материалдарға жүгінсек, бірнеше бомбалаушы ұшақ қана зақымданған тәрізді.

Десек те, бұл шабуыл Украина Ресейдің кез-келген нүктесіндегі нысандарды қиратып, Мәскеудің әскери машинасына айтарлықтай шығын келтірді.

Кейбір әскери блогерлер болған оқиғаны 1941 жылы Жапонияның Перл-Харбордағы америкалық базаны ойрандаған сәтіне теңеп жатыр.

Қандай әскери ұшақтар соққыға ұшырады? Олар туралы қысқаша мәлімет төмендегідей:

Ресейдің бомбалаушы активтері

Ондаған жылдар бойы алыс қашықтыққа ұшатын бомбалаушы ұшақтар кеңестік және ресейлік ядролық арсеналдың маңызды бөлігі болды. Бұлардың қатарына құрлықтағы континентаралық баллистикалық зымырандар мен құрлықаралық баллистикалық ракета тасымалдайтын атомдық суасты қайықтары да кіреді. Стратегиялық бомбалаушы ұшақтар Мәскеудің ядролық қуатын көрсету үшін бүкіл әлем бойынша тұрақты түрде әуеде патруль жүргізді.

Украинадағы төртінші жылға ұласқан соғыс кезінде Ресей ауыр ұшақтарды бүкіл елге қанатты зымырандармен соққы беру үшін пайдаланды.

НАТО "аю" деп атаған Туполев Ту-95 – 1950 жылдары АҚШ-тың B-52 бомбалаушысына бәсекелес ретінде жасалған төрт қозғалтқышты турбовинттік ұшақ. Ол құрлықаралық радиусқа ие және кәдімгі немесе ядролық оқтұмсықтармен жабдықталатын сегіз қанатты зымыранды тасымалдай алады.

Жексенбіге дейін Ресейде осындай 60-қа жуық ұшақ болды деп есептелді.

Туполев Ту-22М –1970 жылдары жасалған қос қозғалтқышты әрі дыбыстан жылдам ұшатын бомбалаушы. Оның ұшу қашықтығы Ту-95-пен салыстырғанда қысқалау. Соған қарамастан 1970-ші жылдары АҚШ-Кеңес қару-жарақтарын бақылау жөніндегі келіссөздерінде Вашингтон оларды кеңестік стратегиялық ядролық арсеналдың бөлігі ретінде қарастыруды талап етті. Өйткені мұндай ұшақтар қосымша жанармай құйылған жағдайда АҚШ-қа да жетуі мүмкін.

Осы ұшақтың соңғы нұсқасы – Ту-22М3 дыбыстың жылдамдығынан үш есе тез ұшатын Х-22 қанатты ракеталарын тасымалдайды. Кеңес Одағы оны АҚШ-тың әуе кемелеріне соққы беру үшін жобалаған.

Кейбір Ту-22М ұшақтары Украинаның осыған дейінгі шабуылдарынан жойылды. Ал Ресейде жексенбі күнгі дрондар соққысына дейін 50-ден 60-қа дейін Ту-22М3 ұшағы қызмет еткен.

Дегенмен, Ту-95 пен Ту-22М өндірісі 1991 жылы КСРО ыдырағаннан кейін аяқталды. Яғни жексенбіде мұндай ұшақтар жойылған болса, олардың орнын толтыру енді мүмкін емес деген сөз.

Сондай-ақ Ресейде тағы бір стратегиялық ядролық бомбалаушы ұшақ бар, ол – дыбыстан да жылдам ұшатын Ту-160. Бұл ұшақтың 20-ға жетер-жетпес данасы ғана қазір қолданыста. Ресей оның жаңа қозғалтқыштармен және авионикамен жабдықталған заманауи нұсқасын шығаруды енді бастады.

Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері Дуглас Барридің сөзінше, Мәскеудің стратегиялық бомбалаушы ұшақтардың жаңа буынын жасау жоспары әлі бастапқы кезеңде және Ресей осы жолы ауыр бомбалаушы флотының маңызды бөлігін жоғалтты. Ал сол флотты "бірден қалпына келтіру мүмкін емес" екен.

А-50 ұшағы. Украина шенеуніктерінің айтуынша, бұл ұшақтар да соққыға ұшыраған. Олар әуе шабуылдарын үйлестіру үшін пайдаланылады. Ресей әскерінің қолданысында мұндай техниканың аз ғана бөлігі бар. Олардың қирауы да Ресейдің әскери қабілетін нашарлатады.

Бомбалаушыларды көшіру және импровизацияланған қорғаныс

Украина Ресейдің ядролық оқтұмсық тасымалдайтын статегиялық бомбалаушылары орналасқан "Энгельс" базасына қайта-қайта соққы берді.  Сондықтан Мәскеу бұл жердегі ұшақтарды соғыс жүріп жатқан елден алысқа көшіруге мәжбүр болды. Олар – Артикалық түбектегі "Оленья" және Шығыс Сібірдегі "Белая" базалары.

Украина әскері дрондарды бұл базаларға да жеткізіп, 41 бомбалаушы зақымдағанын және жойғанын хабарлап отыр. Бұл операция 18 ай бойы жоспарланып, "беспилотниктар" төрт базаның жанында тұрған жүк машиналарының үстінен ұшырылған.

Дрондардың соққылары ресейлік әскери блогерлердің үлкен наразылығын тудырды. Олар қорғаныс министрлігін бұрынғы шабуылдардан сабақ алмады және бомбалаушы ұшақтарды қорғай алмады деп сынады. 

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу