Омбыда Ресей – Қазақстан – Қытай бағдары бойынша миллионыншы контейнер салтанатты түрде жөнелтілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Миллионыншы контейнерді жөнелтуді "Кедентранссервис" АҚ ("Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ еншілес компаниясы) және "РЖД" ААҚ ұйымдастырды. Бұл Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық көлік серіктестігінің кезекті нәтижесі болды.
Соңғы 7 жылда Ресей – Қазақстан – Қытай бағдары Еуразияның негізгі контейнерлік дәліздерінің біріне айналды. Инфрақұрылымды дамытудың және екі ел теміржол әкімшіліктерінің жұмысын үйлестірудің арқасында маршрут бойынша тасымалдау көлемі 2019 жылдан бастап 27 есеге – 2025 жылдың қорытындысы бойынша 11 мыңнан 301 мың жиырма футтық баламада (ЖФБ) контейнерге дейін өсті.
Мемлекет басшыларының уағдаластықтарына сәйкес Қазақстан мен Ресей Еуразияның халықаралық көлік маршруттарындағы өз позицияларын нығайта отырып, көлік инфрақұрылымы мен көліктік-логистикалық әлеуетті дәйекті түрде дамытуда.