Ресей Қазақстанның үш қаласында ЖЭО салады: қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?

460

Бүгінгі таңда станциялар бойынша техникалық-экономикалық негіздеме бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Ресей Қазақстанның үш қаласында ЖЭО салады: қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Фото: Inbusiness.kz

Бұл туралы "Самұрық-Энерго" АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бүгінде Қазақстан және Ресей Федерацясының министрліктері арасында Көкшетау қаласында қуаттылығы 240 МВт, Семей қаласында қуаттылығы 360 МВт және Өскемен қаласында қуаттылығы 360 МВт жылу электр орталығын салу жобалары бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. "Самұрық-Энерго" мен "ИНТЕР РАО Экспорт" жобаларды іске асыру жөніндегі жауапты компаниялар болып анықталды. Осы үш қаладағы жылу электр орталығын салу барысында жобаларды жүзеге асыру үшін Ресей Федерациясының негізгі технологиялық жабдықтарын қолдану көзделіп отыр", - деді "Самұрық-Энерго" АҚ Басқарма Төрағасы.

Қайрат Мақсұтовтың сөзінше, жобаны қаржымен қамтамасыз ету мақсатында Ресей қаржы институттарымен жұмыс жүргізіліп жатыр.

"Қазіргі уақытта Көкшетаудағы станция бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу аяқталды, Семей станциясы бойынша осы жылдың наурыз айында техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді аяқтау жоспарланып отыр. Ал Өскемен станциясы бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге кірісіп, оны 2024 жылдың соңына дейін аяқтауды белгілеп отырмыз", - деді ол.

Оның дерегінше, Көкшетау және Семей станциясы бойынша EPC келісімшартқа қол қою осы жылдың үшінші тоқсанына, Өскемен станциясы бойынша 2025 жылдың бірінші тоқсанына болжанып отыр.

Құрылыс 2027-2028 жылдары аяқталуы тиіс.

Айта кету керек, осыған дейін Ресей еліміздің үш қаласында ЖЭО салатынын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу