Ресей мен Түркия ұлттық валюталарда есеп айырысуды жеңілдетпек

477

Ресей мен Түркия ұлттық валюталарда есеп айырысуды жеңілдету мәселесін талқылап жатыр. Бұл туралы РФ вице-премьері Александр Новак айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы "РИА Новости" ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ресей мен Түркия ұлттық валюталарда есеп айырысуды жеңілдетпек

"Мұндағы мәселе ұлттық валюта, оның ішінде лира мен рубльдің құбылмалылық тәуекелдерін теңестіруге және өтімділіктің қажетті көлемін құруға мүмкіндік беретін есеп айырысу тетіктерін құрумен байланысты. Себебі, бүгінде саудада диспаритет бар. Біз экспортқа көбірек тауар жеткіземіз, Ресейдің сауда балансында оң сальдо, ал Түркияда теріс сальдо бар",– деді вице-премьер журналистерге Анкараға жұмыс сапарының қорытындысы бойынша. 

Оның айтуынша, бүгінде Ресей мен Түркия арасында ұлттық валюталарда есеп айырысу жүріп жатыр, оның көлемі үнемі артуда.

"Бірақ бұл жүйелі жұмыс істеуі үшін ұлттық валюталардың, яғни Мәскеу биржасындағы лираның тиісті өтімділігі қажет. Ол үшін ұлттық валютада, рубльде немесе лирде экспортқа сату көлемін ұлғайту керек. Осыған байланысты түрік серіктестеріміз өз валюталарында Ресей Федерациясына импорттың ұлғаюын қамтамасыз етуі шарт. Сонда сұраныс, тепе-теңдік болады және тәуекелдер азаяды",– деді Александр Новак.

Ол тиісті құралдарды қос елдің орталық банктері пысықтайтынын жеткізді. Бұл жұмыс жалғасады және жақын уақытта тиісті тетіктер әзірленеді.

Сондай-ақ РФ үкімет басшысының орынбасары Түркиядан Ресейге қандай тауарлар жеткізілетініне тоқталды.

"Бізде өнеркәсіп тауарларына қажеттілік бар. РФ Өнеркәсіп және сауда министрлігі тиісті тізімді берді. Онда тиісті тауарлардың тұтас тізбесі бар: автомобиль жасау, кеме жасау, жеңіл өнеркәсіпке қажет өнімдер. Оған қоса, біз Түркиядан ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізіп жатырмыз. Мұның бәрін біртіндеп ұлттық валютадағы есептеулерге аударуға болады. Тауарлар тізімін ұлғайтуға қызығушылық бар, ол билік пен бизнестегі әріптестерімен талқыланды", – деді вице-премьер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу