Ресей сарапшысы: "Altay-45" арктикалық жанармайы Ресейде сұранысқа ие болады

898

Борис Марсинкевич қазақстандық мұнай-сервистік компанияларды Акртиканы бірлесіп игеруге шақырды.

Ресей сарапшысы: "Altay-45" арктикалық жанармайы Ресейде сұранысқа ие болады

Биыл Қазақстанның Энергетика министрлігі 12,36 млн тонна мұнай өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр. Бұл былтырғыдан 7 пайыз көп. Пандемияның беті әлі қайтпай тұрып, былтырғыдан көп өнім алуды жоспарлаудың түбінде қандай есеп жатыр? Sputnik сайты ұйымдастырған телекөпірде ресейлік сарапшыға осындай сауал қойылды.

"Менің ойымша, Қазақстан үшін мұндай мөлшерді игеру шындыққа өте жақын. 2020 жылы көлем қысқарды. Соның орнын толтыратын өсім болуы керек. Қазақстанда –45 градус аязға дейін қатпайтын дизельдік отын өндірісі жолға қойылғанын ескерсек, бұл жанармайға деген сұраныс бәрінен бұрын Ресейде көп болады. Ресейде қазір тек екі зауыт қана арктикалық жанармай өндірісін жолға қойған. Яғни, бұл нарықта өріс бар деген сөз. Қазақстан мәселеге байыппен келсе, Ресей тарабынан қызығушылық танытуы мүмкін", – деген Борис Марсинкевич қазақстандық компанияларды Акртиканы бірлесіп игеруге шақырды. 

"Ресейдің солтүстік арктикалық аумағында кен қазу жобалары жоспарланып отыр. Қазақстанның мұнай-сервистік компаниялары сол жобаларға дер кезінде қызығушылық танытты деуге болады. Аталмыш жанармай дәл осы жобаларға керек болады. Келіңіздер де, өз жанармайларыңызбен жұмыс істеңіздер. "Восток Ойл" жобасынан бөлек Ямал түбегінде де осындай кеніштер бар. Ямалдағы табиғи газдың бізге белгілі қоры – 27 трлн текше метр. Бұл жобалардың бәрі Арктикамен байланысты екенін ескерсек, қатпайтын жанармай нарығында бәріне орын жетеді деп ойлаймын",– деді сарапшы.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу