Ресей саясатын насихаттайтын іс-шаралар Қазақстанда өткізіле бастаған ба?

885

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов Қазақстанда Ресей саясатын насихаттайтын іс-шараларға жіті назар аудару керегін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ресей саясатын насихаттайтын іс-шаралар Қазақстанда өткізіле бастаған ба?

Бұл туралы ол Facebook-тегі парағында жазды.

"Фейсбукте Qazaqeli.ru деген YouTube-каналында 27 мамырда Алматыда өтетін "Za Россию" концертінің постерін бірнеше кісі бөлісіп, пост жазып жатыр. Алды 1,5 мыңдай лайк жинап үлгерді. Маған ол постердің дизайны бірден өте күмәнді көрінді. Содан ол каналды қарап шықтым. Каналдың ашылғанына 11 жылға жуық уақыт болыпты. Канал автор(лар(ы)ның) кәсіби деңгейі төмен екені бірден көзге түседі. Фейсбуктегі белсенділер жарыса бөлісіп жатқан постер – Ресейде өтіп жатқан "Za Россию" концертінің постері мен алдағы күндері Қазақстанда өтетін "Однажды в России" шоуының постері қосындысынан туған постер, яғни фейк-постер", – деді саясаттанушы.

Ол бұл іс-шаралар Ресей саясатын қолдауға бағытталғанын жеткізді.

"Біріншіден, Ресейде 5 мамырға дейін РФ-ның 30-дан астам қаласында "Украинадағы арнайы операцияны" қолдау үшін "Za Россию" музыкалық-патриоттық марафон өтеді. 30-дан аса қаланың бәрі Ресейдің қаласы. Тізімде Алматы немесе басқа елдің қалалары жоқ. 

Екіншіден, "Однажды в России" шоуы алдағы күндері Шымкентте, Ақтөбеде, Павлодарда, Атырауда өтеді екен. Билет бағасы: 10-16 мың теңге. Тикетон сайтына сенсек, осы төрт қаланың бәрінде де түгелмен билет сатылып кеткен деуге келеді. 

22 cәуірде өтуі тиіс Алматыдағы "Однажды в России" шоуы 27 мамырға ауысыпты. Алматыдағы шоудың билет бағасы 13-53 мың теңге аралығында.

Biletiastana.kz сайтына сенсек, Республика сарайының В секторындағы ең қымбат орындардың барлығы дерлік сатылып кеткен, ал қалған секторларда әзірге орын көп", – деді Шалқар Нұрсейітов.

Саясаттанушы жақында АҚШ-ты шулатқан танымал шоумен Нұрлан Сабуров та елде концерт ұйымдастыратынын жеткізді.

"Ол да 10 мамырда Астанада (Барыс аренада) және 16 мамырда Алматыда (наурызда 20 мың студентті алдап апарып "Тоқаев – тигр" деп шулатқан концерт өткен Алматы аренада) концерт өткізеді. Билет бағасы 4 мың теңгеден басталып 45 000 теңгеге дейін жетеді. Әзірге сатылмаған билеттің саны көп. 10 мамырға дейін біраз уақыт барын және Сабуровтың Қазақстанда фанаттары көп екенін ескерсек, ол билеттер де түгел сатылатын секілді", – деді Нұрсейітов.

Ол жоғарыда аталған іс-шаралардың қандай мақсатта ұйымдастырылып жатқанын белгісіз екенін, бұған назар аудару керегін айтты.

"Қазақстанда өтетін "Однажды в России" шоуы мен Сабуровтың туры Кремльдің Украинадағы соғысты бастағаннан кейін репутациясы быт-шыт шыққан Ресейді тартымды етіп көрсету ниетінің көрінісі ме, әлде "Менің отбасым бар", "Мен саясатпен айналыспаймын" деген позициядағы шоу-бизнесмендердің соғысқа дейін құрған бизнес жоспарын іске асыру ниеті ме – білмедім. Дегенмен пропаганда тек кисилев-соловьев-симоняндармен шектелмейтінін есте ұстауымыз керек", – деді саясаттанушы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу