Ресейден 1 млн рубльден астам қолма-қол ақша шығаруға тыйым салынды

324

Владимир Путин 29 қыркүйекте жаңа жарлыққа қол қойды.  

Ресейден 1 млн рубльден астам қолма-қол ақша шығаруға тыйым салынды Фото: rbk.ru

Құжат кешеден бастап күшіне енді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Шектеу Қазақстанмен қатар Ресейдің Еуразиялық экономикалық одақтағы өзге де серіктестеріне – Армения, Беларусь және Қырғызстанға қатысты. Бұдан бөлек, жаңа тәртіп Әзербайжан, Тәжікстан және Өзбекстанға да қолданылады.

Яғни жеке тұлға Ресейден Қазақстанға бара жатқанда 1 млн рубльге дейін қолма-қол рубль алып шыға алады. Ал одан жоғары сомаға шектеу қойылады. Ереже бұзылған жағдайда 1 млн рубльден асатын бөлігі тәркіленуі мүмкін.

Алайда жаңа талаптан бірқатар ерекшелік бар. Атап айтқанда, арнайы халықаралық әуежайлар арқылы банк шотынан немесе салымнан ақша алынғанын растайтын құжаттар болған жағдайда қолма-қол рубль шығаруға рұқсат етіледі. Қажетті құжаттардың тізімін Ресей үкіметі белгілейді.

Халықаралық тасымалдаумен айналысатын заңды тұлғаларға да жекелеген жағдайларда ерекшелік қарастырылған.

Сонымен қатар шектеу Ресейдің шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінің қызметін қамтамасыз етуге арналған қаражатқа қолданылмайды.

Бұған дейін, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап, Ресей азаматтарына ЕАЭО елдеріне 100 мың АҚШ долларына баламадан асатын қолма-қол рубльді шығаруға шектеу қойылған болатын. Жаңа жарлық бұл шекті 1 млн рубльге дейін төмендетті және шектеу қолданылатын елдердің қатарын кеңейтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу