Ресейден Қазақстанға тасымалданған 605 мың дана тауық жұмыртқасынан ветеринариялық талаптардың бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өнімнің сыртқы қаптамасында таңбалау жапсырмалары болмағандықтан, екі жүк көлігі кері қайтарылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, екі жүк көлігі Самара облысынан Қызылорда облысына бағыт алған. Олар "Сырым" ветеринариялық бақылау бекетінде тексерілген.
Тексеру кезінде жұмыртқалардың сыртқы қаптамасында міндетті таңбалау жапсырмалары жоқ екені белгілі болды. Осыған байланысты көліктер Ресейге кері қайтарылды. Жүргізушілерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабы бойынша хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды.
Жүк тасымалдаушыларға Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақ аумағында қолданыстағы ветеринариялық-санитариялық талаптар түсіндірілді.
Жыл басынан бері өңірдегі ветеринариялық бақылау бекеттерінде 294 заңбұзушылық тіркелген. Нәтижесінде 294 көлік кері қайтарылып, 147 адамға әкімшілік шара қолданылған.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жүк тасымалдаушыларды өнімді таңбалау, ветеринариялық құжаттарды рәсімдеу және тауарды тасымалдау талаптарын сақтауға шақырды.