Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау жүргізу барысында Ресей Федерациясынан әкелінген қызанақ тұқымдарының 130 қаптамасынан сынама алды, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты.
"Фитосанитария" РМК жүргізген карантиндік фитосанитариялық сараптама қорытындысы бойынша зерттелген үлгілерден карантиндік нысандар қатарына жататын қызанақ жемістерінің қоңыр қатпарлы вирусы (Tomato brown rugose fruit virus, ToBRFV) анықталды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы саудаға қатысушыларға ел аумағына карантинге жатқызылған өнімді әкелу кезінде өсімдіктер карантині саласындағы заңнама талаптары мен фитосанитариялық нормаларды қатаң сақтау қажеттігін еске салады. Бақылаудың белгіленген рәсімдері мен қауіпсіздік талаптарын сақтау – аграрлық секторды қорғаудың және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды шарты.